17.03.2022
  108


Автор: Нұрлан Оразалин

АНТЕННАЛАР ШЫРМАҒАН АСПАНМЕНЕН…

Өлең келдi…
Жыр келдi…
Желең көктем…
Елегiзтiп,
елiтiп, елеңдеткен,
сыбызғылы түндермен келдi көшiп,
жұлдыз күлiп,
Ай аунап өлеңдеткен,
келдi көктем!
Алыс-алыс қиырдан бiр үн жеттi,
жүрегiмдi толқытты,
дiрiлдеттi,
нөсер болып сабалап ой-қырымды,
тауларымды сөйлеттi,
дүрiлдеттi.
Жазығымды…
Жұлқылап жондарымды,
жанарымнан ағызып жолдарымды,
теңiздердiң жалымен жағаласып,
арқалап толғақ үндi…
Аңсаған асылым боп,
қара түндi қақ тiлер жасыным боп,
келдi жыр боп,
келдi көктем!
 
Жұмыр жер тынысындай –
тыныштықты толғатқан
ғасырым боп.
Өлең болып,
жыр болып желең көктем,
елегiзтiп,
елiтiп, елеңдеткен...
Антенналар шырмаған аспанменен,
алты құрлық
хабарын жеделдеткен.
Келдi өлең боп...
Келдi көктем!..
сәуiр, 1976 жыл.





Пікір жазу