17.03.2022
  100


Автор: Нұрлан Оразалин

Өмiрге мынау...

Өмiрге мынау
өле бiр ғашық болмасаң –
өлең де, жыр да, болмас ән.
Өзегiң талған кезде егер
шалғынды кешiп,
шашаны шыққа малмасаң;
аязда, қарда тоңбасаң,
жауында ойға шомбасаң,
сүймесең желдi,
мiнбесең жүйрiк,
көрмесең
тауды, даланы,
бұрқылдап iзде – жолда шаң –
өмiрге мынау
өле бiр ғашық болмасаң…
Теңiзге шулы бармасаң,
кәусарын жұтып қанбасаң,
көрмесең дауыл,
бiлмесең үдей,
жауынға үрей,
дауылға сүрең салмасаң –
өмiрге мынау
өле бiр ғашық болмасаң...
 
Сұлулық көрiп самғасаң,
Сол сәтте естен танбасаң,
жанарың шоқ боп
жалындап от боп,
жалында жоқ боп,
жарық дүниеде
жанбасаң…
Өмiрге мынау
өле бiр ғашық болмасаң –
өлең де, жыр да, болмас ән…
30 сәуiр, 1976 жыл.





Пікір жазу