17.03.2022
160
ЖАПЫРАҚСЫЗ ЖАС ҚАЙЫҢ
Жұлдыздар-ай!.. Биiкте елеңдеген,
байқаңдаршы, батты мұң, шемен-денем.
Жапырақсыз жас қайың қабаржып тұр,
қашар ма екен бiр күнi менен де өлең?!
Мұң оранған мына үнсiз атырапты-ай,
найзағайын неге аспан жатыр атпай?!
Қашар ма екен бiр күнi менен жастық
жел үрлеген күздегi жапырақтай?!.
Ойларымды қайырдым өрiсiне,
жасыл жарық, үңiлiп көр iшiме!
Айтыңдаршы! Бас қатты... Ғұмырымның
дұрысы не?
Бiле алмай терiсi не?!
Арқа қысса болар ма сезiнбеуге?!
Арман...
Жүрек...
Күнi-түн безiлдеуде.
Артығы не?
Бiлмеймiн кемi қайсы?
Қол созуда биiкке сезiм-кеуде.
Жұлдыздар-ай!.. Ғарышқа елеңдескен,
Ғашық-жүрек жетелеп, келем көшпен.
Жапырақсыз жас қайың жабырқатты...
Өлең қайда кетпекшi менен көшкен?
Айтыңдаршы, жұлдыздар, елеңдескен?!
қазан, 1973 жыл.