17.03.2022
107
![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-03-14-21-09-02.png)
Ағыл да тегiл....
Ағыл да тегiл жыр күтiп,
ақбоз түндерде сан қырлар,
аспан мен Айды үркiтiп,
жауды ма қырға жаңбырлар?!
Өзендер шайып арнасын,
өртенiп күзгi тоғайлар,
тосты ма түнде жалғасын
дүниеде әлi жоқ ойлар?!
Көмiлiп көкшiл сағымға,
көкжиек сырға шым батып;
оранып таулар лағылға,
қол созды ма екен тiл қатып?!
Даланың төсi шалқайып,
киiктер ойға көштi ме?
Кәрi сексеуiл қалқайып,
қараша желi естi ме?!
Ағыл да тегiл жыр аңсап,
асығып алға бақшалар...
Келдi ме қырға мұнар шақ,
жауды ма түнде ақша қар?!
қаңтар, 1972 жыл.