17.03.2022
  169


Автор: Нұрлан Оразалин

Арғымақ – дәуiр зулайды

ЖАУЛЫҒЫН ДҮНИЕ БҰЛҒАЙДЫ
(«Сағыныш. Ой толғау» дәптерiнен)
«Сағынып, аңсап барғанда,
сағына күткен жан бар ма?!»
Мұқағали





 
Ей, мөлдiр тамшылар!
Жөңкiлген бұлт боп
базарлы, шулы көктемге,
Жанымды менiң
жаңқа мұңдардан аршып ал,
ойлардан азап шеккенде.
Күрсiнсем, тiлден зар шығар...
Күрсiнте бермей, аршып ал!
Аршып ал менi!
Аршып ал!
Дауыл – сезiмдерiм
айқасқан кезде бақ тынып,
қу тақырларға
қалдыра көрме лақтырып.
Жалғыздық – қайғы...
Жараспас жiгiт адамға,
жараспас тiптi ұлы тауларға,
жалғау бола алмас
жалғыз баған да,
 
жалғыз ағашты
кiргем жоқ қалың бауларға.
Жалғыздық деген
жараспас мына фәниге,
тамшыдан миллион
құралады екен жауын да,
көк шуда түтiн әр үйде
болған соң, ауыл – ауыл да...
Сондықтан менi алып қаш,
жалғыздықтардан,
жапан түздерден мұң басқан!
Өмiрге мына
ғашық болудан жалықпас,
алып қаш менi!
Алып қаш!
Дауылды күндерге...
Жауынды күндерге...
Тынбастан.
наурыз, 1971 жыл.





Пікір жазу