17.03.2022
  176


Автор: Нұрлан Оразалин

ТОЙ

(Қаз қалпы)
Тыңдады бiздi...
Азанда таулар тыңдады,
қазанда баулар тыңдады.
Жел есiп Қарадаламен,
тыңдады шырша шыңдағы.
Тербелдi таудың жондары,
сезiмнiң басып пернесiн,
иығын жiгiт қомдады,
шырқатып тойдың термесiн.
Шаттықтың жалғап үзiгiн,
серпiлдi жүрек тойменен,
бозбала түннiң қызығын
тербедi шалқып ойлы өлең.
Мэлс пен Райхан мас бiлем
бақыттан, әне, балқып тұр!
Аспанның мынау астымен
ұйыды сазға балқып қыр.
Бекболат, Жарас басты әндi,
Фаукеннiң үнi төгiлдi;
бiр жаңа кезең басталды,
бiр арман кездi көгiмдi.
 
Елемес, Абай, Айжалбы
иығын жұлқып биледi;
қуаныштан басы айналды
халықтың көше, үйдегi.
Жеңгелер шампан атқылап,
айтылды тостар не түрлi.
Абыр да-сабыр шапқылап,
«Шейкпен» аула секiрдi...
Келiндi болды бiр ана,
келiндi болды бiр әулет.
Сөйледi толқып бiр аға:
«Аруақтар естiп тұр-ау...» деп.
Мен-дағы сөздi толғадым,
құттықтап ауыл түлегiн:
«Бабалар ұлы, қолдағын!»
Досыма бақыт тiледiм...
Тыңдады бiздi...
Азанда таулар тыңдады,
қазанда баулар тыңдады.
Жел есiп Кетпен жонынан,
тыңдады қайың шыңдағы...
Р.S.
Ойымды тербеп гүл, егiн,
өзiм де тоймен түледiм.
Туған жер... Өскен ауыл-ай!
Жүрекке неткен жылы едiң?!.
қараша, 1969 жыл.





Пікір жазу