17.03.2022
177
АҚЫНДАР
Сайлаубекке
Бiздiң елдiң ақындары көп, бiлем,
жаны – жомарт,
көңiлдерi – жазғы бақ;
жүректерi – жалындаған от кiлең,
кеудесiнен жататұғын саз құлап,
көңiлдерi – жазғы бақ...
Аяз...
Қарда...
Елеместен дауылды,
қажет жерде отқа түсер елi үшiн.
Дос шақырса, кешiп өтiп жауынды
ақындар көп ұсынатын қол ұшын,
отқа түсер елi үшiн.
Құласа егер есi кете құлайтын,
жаны – таза,
жалғандықты бiлмейтiн;
жыласа егер, егiлiп шын жылайтын,
егiлмеудi...
Ақын жүрек «мiн» дейтiн.
Жаулары көп күндейтiн.
Бiздiң елдiң ақындары көп бiлем,
Жаны – жайсаң,
көңiлдерi – жаз, құрақ;
жүректерi – жалындаған от кiлең...
Ақындарын сүйетiндер аз бiрақ,
сүйетiндер аз бiрақ...
наурыз, 1968 жыл.