17.03.2022
  322


Автор: Нұрлан Оразалин

Далада аяз...

Далада аяз... Аяз суық...
Ысқырады, шулайды, ұлып, тынып.
Күрең пеште тас көмiр аяз қуып,
жылытады үй iшiн «тынықтырып».
Жылытады жалынның маздағаны
пештi алдымен, сонан соң бәрiмiздi;
қарындасым iнiме назданады:
– Жаз қайда? – деп сұрайды кәрi күздi.
– Жаз қайда? – деп болмайды қадалып ап,
– Қызыл өрiк жеймiз... – деп, – ендi қашан?
Түн ызғарлы...
Жатқандай дала жылап,
тiзгiндейтiн күш жоқтай желдi масаң.
Далада аяз... Аяз суық...
Қыдырып жүр бiр елес бақ, даланы.
Кеңiрдегiн жатқандай аяз буып,
ұлиды кеп көршi үйдiң Ақтабаны.
қаңтар, 1969 жыл.





Пікір жазу