17.03.2022
295
Ауыл түнгi....
Ауыл түнгi ұйқыда. Борасында.
Қаракер ат жусайды қорасында.
Әлденеге көңiлiм елегiзiп,
ән асылып барады Қара шыңға.
Ұлыйды жел...Талықсып үн келедi,
ұйықтатардай сиқыр ән түнде менi.
«Сағындым, деп, көктемдi, сағындым» – деп,
желдiң үнi келедi, мұң келедi.
Шалқып-шалқып жетедi, жүз бұралып:
«Сағындым, деп, көктемдi...» Қыздың әнi.
«Сағындым, деп, көктемдi...
Сағындым», деп,
ақ қағазды мен-дағы сызғыладым...
Ауыл түнгi ұйқыда... Борасында...
Қаракер ат жусайды қорасында.
Әлденеге көңiлiм елегiзiп,
кетiп қалғым келедi Қара шыңға.
Ауыл түнгi ұйқыда... Борасында...
қаңтар, 1969 жыл.