17.03.2022
  123


Автор: Нұрлан Оразалин

Жұлдыз жауды...

Жұлдыз жауды...
Аспаннан Ай құлады,
елең еттi сезiмнiң айқұлағы.
Айқара ашып құшағын масаң көше,
әлденеге қайыңдар қайғырады.
Қайғырады...
Нелiктен түсiнбедiм?!
(Өңiм емес, мен мұны түсiм дедiм).
Көшесiнде Абайдың – түнгi он екi...
«Аспаным... Түнiм... Құсым...» дедiм.
Құштым сенi қанша уақ? Жоқ есiмде...
Теңiзшiдей дауылда, кемесiнде
тоғыз валды күй кешiп келе жаттық,
толқын-толқын көшенiң төбесiнде.
Жұлдыз жауды...
Аспаннан ай құлады...
Елең еттi сезiмнiң айқұлағы.
Көңiлiмдi қорқыныш жаншылады,
көңiлiмдi қуаныш қамшылады.
Жауды көктен сәуiрдiң тамшылары...
сәуiр, 1969 жыл





Пікір жазу