17.03.2022
  119


Автор: Нұрлан Оразалин

Аспан ашық...

Аспан ашық...
Тағы да бозданған ба Ай,
жүрегiм жұлым-жұлым... Сазданғандай.
«Шейк» билеп жатқанда көршi қыздар,
күллi Алматы болады қозғалғандай.
Жымыңдасып жұлдыздар желiккендей.
Жатақхана...
Жас қайың елiткендей...
Көз алдыма келедi бөтен сурет,
құралайы тауымның – елiк келмей.
Тұрғандайын басында тас қияның,
әлденеге көз тiгiп қасқиямын.
Көрiнбейдi тауымның ақиығы,
тербелмейдi көкке өрлеп, жас қиялым.
Құлайтындай қорым тас бiр тiктегi,
сiлкiнедi бiр сезiм кiрпiктегi,
даң-дұңынан «шейктiң» өлең түгiл,
Айда тұра қашардай үркiп тегi...
Аспан ашық...
Тағы да бозданған ба Ай,
көңiлiм әрi-сәрi... Назданғандай...
«Шейк» билеп жатқанда көршi қыздар,
күллi Алматы болады қозғалғандай.
мамыр, 1969 жыл.





Пікір жазу