17.03.2022
  131


Автор: Нұрлан Оразалин

Сағынба менi!

Сағынба менi!
Елiгi таудың, сағынба,
сенi iздеп ендi бармаймын.
Өртенiп-жанып, сағымға
айналып кеттi бар қайғым.
Кеттiм мен ұзап
оралмау үшiн қайтадан,
оранып отты лағылға;
самал кеп кеште шайқаған
айналды қайың сағымға.
Кеудемде менiң
өмiрге ынтық бар арман,
айдын бар шалқып, теңселген;
таңдар бар сұлу таранған,
сағаты, сәтi өлшенген.
Өлшеулi күндер...
Бал дәурен кездi қалдырды,
қалды алыс таудың биiгi;
ғашық қып менi жандырды
даланың сұлу киiгi...
Сағынба менi!
Бал күнiм, ендi сағынба,
бал iздеп саған бармаймын.
Айналып желге, сағымға,
өртенiп кеттi бар қайғым.
Бал iздеп ендi бармаймын.
желтоқсан, 1968 жыл.





Пікір жазу