17.03.2022
  111


Автор: Нұрлан Оразалин

Жеткiзбей кеткен....

Жеткiзбей кеткен бұла күндердi,
еске алып менiң жылағым келдi.
Естiмей кеткем... Естiгiм келдi
сыңғырлы толқын бұлақ үндердi.
Көргiм бiр келдi әншi әлгi қызды,
сағынып қалған сарсаңды күздi.
Сонан соң шалқып, шалқытып күлiп,
сары өңдi белдi шалқытып тұрып,
ұшырсам дедiм сары күздердi
жапырақ қылып қалқытып тұрып;
жеткiзбей кеткен бұла күндердi,
сыңғырлы толқын бұлақ-үндердi...
Әйтеуiр менiң жылағым келдi,
көзiмдi жаспен бұлағым келдi.
Ғажап бiр, ғажап сағынышпенен
сары өңдi белде құлағым келдi.
Естiгiм келдi, әншi әлгi қызды,
сағынып қалған сарсаңды күздi.
қыркүйек, 1968 жыл.





Пікір жазу