17.03.2022
  142


Автор: Нұрлан Оразалин

Әлденеге жұлдыздар мұңаяды

Аспан...
Фонтан...
Тұрған сәтте бiздi аңсап,
Ай, жұлдызды алақанға көтерiп,
Сенi iздедiм
көктем қанша, күз қанша,
жауын шайған көшелерден от өрiп?!
Сезiмiммен
қызыл-жасыл нұр кешiп,
светофорлармен тiлдесiп,
бұрылыстардан,
бақтардан,
жапырақтардан,
ақ қардан,
iздедiм Сенi
ұйқысыз ояу шақтардан...
Жатақханалардан көз iлген,
жастықтың сәнi сезiлген,
би алаңдардан саз кешкен,
алданып арман, наз кешкен...
 
Күзгi ағыстардан
«тыраулап» тырна, қаз көшкен,
болмысымменен осы бiр
Iздедiм сенi!
Iздедiм!
Арқалап жүрiп жазымды,
көтерiп жүрiп күз демiн.
Көктемдi...
Сенi...
Iздедiм!..
қыркүйек, 1968 жыл.





Пікір жазу