17.03.2022
  181


Автор: Нұрлан Оразалин

Қоштасар сәт...

Қоштасар сәт... Қара көзiң қиылған...
Қадалардай кiрпiгiң.
Лүп-лүп етiп түнде мынау жиi ұрған
жүрегiмнiң кiм жамайды жыртығын?!
Ай ма?
Түн бе?
Аптығымды басар кiм?
Кiм түзейдi тағдырымды бұралған?
Кiмнен?.. Қайда?..
Тығылармын?..
Қашармын?..
Қандай өмiр?
Тосар менi жыр алдан?
Жаңғырық пен тамшылардан құралған?!
Көше...
Қайың...
Құтқарар кiм азаптан?
Қайда қашып тығылармын өзiмнен?
Қоштасар сәт... Құтқарар кiм мазақтан?
Құтқарар кiм сенiң оттай көзiңнен –
менiң сорлы кезiмнен?!
Мөлдiр қара көздерiңдей қиылып,
қарс айырылып, қарайтындай түнгi аспан.
 
Жүрек...
Жүрек...
Сабайтындай жиi ұрып
айдынымды мұң басқан.
Теңселiп тұр түнгi аспан.
Қоштасар сәт... Қара көзiң қиылған...
Қадалардай кiрпiгiң.
Лүп-лүп етiп түнде мынау жиi ұрған
кiм жамайды жүрегiмнiң жыртығын?!.
желтоқсан, 1968 жыл.





Пікір жазу