17.03.2022
  132


Автор: Нұрлан Оразалин

Түсiн менi!..

Түсiн менi!..
Жастықтың жаңбырымын,
таулар мүлгiп аңсаған шiлде күнi.
Алпысыншы жылдардың ән-жырымын,
таңға жете қоймаған түндегi үнi.
Боталаған көзiнде ақ арманы,
көп жұлдызы көгiнде жымыңдасқан;
тамырында атқақтап соғар қаны,
аспанымен сiлкiнiп бiр үн қашқан...
Бiр дәуiрдiң көзiмiн тұмадайын,
шын мұңайса, жанарын жас қаптаған;
орманында шулаған бұла қайың,
шын қуанса, шыңдары асқақтаған.
Бiр өзеннiң тулаған арнасымын,
түбi жетiп теңiзге құятұғын.
Махамбет, Абайлардың жалғасымын,
Намыс семсер болғанда,
Ұяты – мұң...
Түсiн менi!..
Жастықтың жаңбырымын,
жасыны да бар түнде жарқылдаған.
Бiр ұрпақтың отауыз тандырымын,
жалғасымын Өлеңнiң сарқылмаған...
қараша, 1968 жыл.





Пікір жазу