17.03.2022
  134


Автор: Нұрлан Оразалин

Жырлады жүрек...

Жырлады жүрек...
Жырлады түнгi аспан көк,
ауылдан бiздiң адасып жүрген сұлу Ай.
Жырлады жүрек дастан боп,
жұмақ өлкенiң
жап-жасыл мына сұлуы-ай!..
Жырлады жүрек...
Жырлады Балқан таулары,
София-Ару көз жауын алып, арбап бiр.
Сөйледi көше, баулары
кеудемде менiң
орман боп,
көл боп,
самғап қыр...
Алаңдар түнгi...
Алаңсыз мүлгiп жырлады ән,
қыздары көркем өлеңмен ғана егiздей.
Күлкiсiн түннiң ұрлаған
болғар әндерi
шалқыса – Қара теңiздей.
Қызылды-жасыл
көшелер билеп шалқыды.
Витуша тауы – болғардың ұлы көштерi.
 
Жүрегiм менiң балқыды,
Ғашықтар елi...
Балқыды Балқан кештерi.
Жырлады жүрек...
Қоштасты бiзбен тунельдер,
жабырқап қалды
жанармен үнсiз қимаған.
Қоштасты бiзбен гүл-өңдер,
қоштасты таулар
Махаббат...
Сезiм...
Сыйлаған...
қазан, 1968 жыл.





Пікір жазу