16.03.2022
  133


Автор: Абдрахман Асылбек

Жан мен тән

Адамды көр бақылап,
Жан мен тәннен тұрады.
Су мен темір, топырақ –
Дененің шын құрамы.
Көрінбейді көзіңе,
Жан дегенің рух қой.
Өзің ғана сезіне
Алатыныңды біліп қой..
Тән ауырса, өзгелер
Көре алады көзбенен.
Жан ауырса, езбелер
Оны көріп-сезбеген.
Тән ауырса, емшілер
Қолдан келсе, емдейді.
Жан ауырса, ешкім де
Нақты көмек бермейді.
Алла осылай адамды
Жұмбақ қылып жаратқан.
Ақыл менен санаңды
Тал бойыңа таратқан.
Ақыл болса, Аллаға
Құлшылық қып өтерсің.
Есер болсаң, сандала,
Босқа лағып кетерсің.
Бірақ, Алла бәрін де
Көріп-біліп отырар.
Тура жүрген әділге
Арай таңын атырар.
Шыбын жаның өлген соң,
Ұшып кетер тәніңнен.
Қара жерге көмген соң,
Айрыласың бәрінен.
Ал, рухың қайтадан
Өз бейнеңе келеді.
Бар сұраққа шайқаған
Жаның жауап береді.
Тәнің көмген жерінде
Топыраққа айналар.
Жаның ұшып көгінде,
Бақ мекенге жайланар.
Бұл жерде емес ол мекен,
Басқа ғаламшарында.
Жұмақ, тозақ сонда екен,
Атар алтын таңың да.
Бұл пәниде адамға
Жасар босаң жақсылық,
Орның жұмақ әманда,
Күтер сені тақ тұрып.
Бұл пәниде адамға
Жасар болсаң қиянат,
Орның сенің әманда
Мәңгі азап, қиямет.





Пікір жазу