16.03.2022
  277


Автор: Абдрахман Асылбек

Жасай бер, қазақ тілім

Танытар қазағымның қазақтығын,
Анықтар қазағымның ғажаптығын.
Мәңгілік жасайды деп сенім артам,
Айналдым қасиетіңнен, Қазақ тілім.
Ұмытып әсем әуез әуенді біз,
Неліктен орыстарға тәуелдіміз?
Қазақтан басқа елде орыс тіл жоқ,
Аралап көрсек-тағы әлемді біз.
Ана тіл – қазақ тілін қастерлейік,
Ұлы деп, орыстардан сескенбейік.
Үйренсек үйренейік өзге тілді,
Бір ғана орыс тілді қош көрмейік.
Сөйлесе отыз бес ұлт түркі тілде,
Біртұтас түркі тобын бір түтін де.
Ішінде осылардың шоғы биік,
Ең бай тіл қазақ тілін шын құтым де.
Ана тіл – қазақ тілін қастерлейік,
Ұлы деп, орыстардан сескенбейік.
Үйренсек үйренейік өзге тілді,
Бір ғана орыс тілді шектелмейік.
Әлемнің сахнасына қарап бүгін,
Сеземін замананың талап сырын.
Мойындап келеді ел бірте-бірте
Ағылшын, қытай менен араб тілін.
Қытайлар жеңсе халық саныменен,
Жеңеді ағылшын тіл мәніменен.
Ең таза ақырғы дін – ислам діні,
Төгеді Құран тілі жарық ерен.
Көбейді исламға енушілер,
Көбейді мұсылманға ерушілер.
Мұхаммед пайғамбар да осыны айтқан:
Бір Алла бізге қуат беруші деп.
Қаншама білгеніңмен көп тілді сен,
Ұлғаймас Ана тілсіз шоқтығың кең.
Жасай бер қасиетті Қазақ тілім,
Тіл өлсе, елің де өлді деп білгін сен.


 





Пікір жазу