16.03.2022
173
ТЕҢСЕЛIП ТҰР ТҮНГI АСПАН...
(«Махаббат. Сезiм» дәптерiнен)
«Я помню чудное мгновение...»
А.С.Пушкин
***
Махаббатты жырлағандар көп тегi,
сүйiп, күйiп, өртенгендер ән қылып.
Ғашық болу – сезiм ұлы көктегi,
ғасырлардан талып жеткен жаңғырып.
Адам, сiрә, жалғыздыққа көнер ме?
Жалғыз болу тек құдайға жарасқан.
Өле сүйсең, ғашық болып егерде,
үнiңдi естiр көгiлдiр түн...
Дала...
Аспан...
Сүю деген...
Құдырет қой, мәңгiлiк!
Арғы-бергi шын сүйгеннiң бәрi – аңыз.
Алмасамыз,
жалғасамыз жаңғырып,
алдағы арман ғасырларға барамыз.
Махаббатты жырлағандар көп тегi,
жүректерiн жалынға орап, жандырып.
Ғашық болу – сезiм ұлы... Оттегi!
Жер...
Тiршiлiк...
Тыныс алар жаңғырып.
Ғашық болу – Мәңгiлiк!
қыркүйек, 1968 жыл.