16.03.2022
  172


Автор: Нұрлан Оразалин

Бекболатқа

Қырманда... Құлақ сап көп үнге,
аңқылдап арманмен кездескен;
сен маған қыдырдық дедiң бе,
мизамның суығын сезбестен?!
Сырласып жұлдызды түнменен,
жақындап аспанға бiр табан.
Жұлмалап жүректi жынды өлең,
шоқытып шықтың ба қырқадан?
Өттiң бе боз жолды көмiп бiр,
қайыс бел қалды ма паңданып?
Қалды ма мыңқ етпей өлiп қыр,
жұлдыздар биiкте таң қалып?!
Жаңғырып дауысы тырнаның,
тау желi құлақта қарқылдап;
көзiндей ойнақшып сырғаның,
алыста түнгi оттар жарқылдап?!
Кеудеде бұлқынып жыр демi,
бала күн көзiндей қырдағы.
Ескi ауыл... Атамның диiрменi...
Естiлiп шанақтың сырлы әнi?!
 
Қырманда. Орылған егiнде...
Ең алғаш арманмен кездескен...
Сен маған қыдырдық дедiң бе,
мизамның салқынын сезбестен?!
қазан, 1967 жыл.





Пікір жазу