16.03.2022
  131


Автор: Нұрлан Оразалин

Есiл ер өттi...

Есiл ер өттi...
Артында қалды баласы,
аңырап қалды анасы;
жан жары қалды егiлiп,
iнiсi қалды –
осы үйдiң жалғыз қарасы.
Мәңгiге кеттi бiр адам,
мәңгiге кеттi бiр аға...
Қаңырап қалды бiр орда
төсекте жатып,
тiрлiктен қайыр сұраған.
Өксiтiп кеттi артын ол,
өкiнiп қалды халқы мол;
өгейсiп қалды құба жон,
өмiрден мынау
үзiлдi тағы жарты жол.
Үзiлiп тұрды бiр өлең,
үзiп ап қайда жiберем?!
Өлмейтiн пенде жоқ жерде;
қолымнан келсе,
таусылмас жолды тiлер ем...
Сыңсыды баяу жел ғана,
азалы күйде – Ел... Дала...
 
Тыншыды жаны пенденiң,
бiр ұлын тағы
құшағына алды Жер-Дана.
Есiл ер кеттi...
Есiмi қалды, үн қалды,
жаңғырып қара шың қалды.
Көктемi, жазы қалды артта,
қарайып үйi,
қаңырап төрi мұңданды...
қыркүйек, 1967 жыл.





Пікір жазу