16.03.2022
  123


Автор: Нұрлан Оразалин

Мэлске

Есiңде ме, жан досым, ес бiлгелi,
бiздiң таумен қанша бұлт көштi iлгерi?!
Жауын жауды қаншама осы өлкеге,
жасын ойнап, дауысы естiлмедi.
Ауыл...
Аспан...
Толықсып Ай аунаған,
Есiңде ме?..
Ақ жарқын аяулы ағаң?
Екеуiмiздi мiнгiзiп көк дөненге,
өзi жолмен жаяулап аяңдаған?!
Гүл жапқанда көктемде жонымызды,
таудың суы кескенде жолымызды...
Есiңде ме?..
Тоғызыншы кластағы,
кеткенiмiз жылатып долы қызды.
Кеудесiнен көктем-қыз күй ақтарып,
көк белдерiм сағыныш сияқтанып.
Қара жолы ауылдың...
Есiңде ме,
жататұғын ұл-қызы жиi аттанып?
Ұзап шығып, түндерде ән ұстадық,
жүрек толқып, гүл үздiк, қар ұстадық.
 Ұшқан құстар тәрiздi қырдан асып,
қара жолмен бiздер де алыстадық.
Алыстадық...
Жан досым, ес бiлгелi,
Арман қудық. Қанша бұлт көштi iлгерi?
Жауын жауды қаншама бiздiң тауға.
Найзағайлар от естi...
Дауысы естiлмедi...
қыркүйек, 1967 жыл.





Пікір жазу