16.03.2022
  127


Автор: Нұрлан Оразалин

Жұлдыздар!

Жұлдыздар! Тыңдайтын бар ма үн,
күз түнi, қайыңнан жас тамған,
Анамның қыз күнгi арманын,
Әкемнiң жас шағын жастанған?!
Бал дәурен кезiмдi ұрлаған,
доп қуа жүгiрген ауылда;
сағыныштарымды жырлаған,
жалғасып сарыала жауынға.
Қашаннан жыпырлап тұрсыңдар,
ғасырлар, дәуiрмен сырласып;
сұлу Ай сыйпаған сұр шыңдар
үстiнен дiр ете бiр басып?
Күз түнi... Кеудемде – көп үмiт.
Арман да айтылар көп менде.
Жыр болып жататын төгiлiп,
сырым көп бөлiсер көктемде.
Жұлдыздар! Ғаламда бар ма үн
саулайтын сезiм боп аспаннан,
Анамның қыз күнгi арманын,
Әкемнiң жас шағын жастанған?!.
қыркүйек, 1967 жыл.





Пікір жазу