16.03.2022
  140


Автор: Нұрлан Оразалин

Қош бол

Қош бол, сен, мұң кешкен шақтарым,
Ақ сезiм – алғашқы ақ арман!
Жыр болып шулаған бақтарым,
сүмбiле түндерi таранған.
Тауымның құз-қия жақпарын
сағынған сағымды кездерiм,
ақпанның түтетiп ақ қарын,
құндақ боп тербеткен кез керiм.
Сезiмiм, ұқсап бiр кептерге,
жүректiң төрiнен жырлап ұш;
қияқ шөп сарғайған бөктерге,
кетейiн қиялмен қырға алыс.
Кетейiн ой тербеп күзде мен,
жабырқап тұрғанда ақ қайың;
тауларды сағынып iздеген
тұмар қып көңiлде сақтайын.
Қош бол, сен, кездерiм мұң кешкен!
Ұмытам бәрiн де, жеттi ендi!
Арбалып, алданған бiлместен,
ұмытам опасыз көктемдi...
қыркүйек, 1967 жыл





Пікір жазу