16.03.2022
  124


Автор: Нұрлан Оразалин

Көк аспанның жұлдызы....

Көк аспанның жұлдызы жамырасқан
ақтылы қой секiлдi жайлаудағы.
Арман, үмiт секiлдi арып-ашқан
кер бестiдей жұлқыған байлаудағы.
Жұлдыздарды отырмын жайылдырып,
ойларымның иiрiп өрiсiне.
Сезiм – асау болғанда, Айым – құрық,
Сөздiң сұлу байланған берiшiне...
Айналдыра берсiн деп Жердi өсiмен,
қостым өмiр-бәйгеге бақ, талапты.
Кер бестiнi босаттым кермесiнен,
сезiм құсын ұшырдым ақ қанатты.
Қатар тұрып, көк түнде кердi иығын,
бiрi – тұлпар болғанда, бiрi – құсым.
Қолдай көршi, Кең далам – кермиығым!
Қолдай көршi, Тауларым – тiрi мүсiн!
Жырым үшiн!
Жырым үшiн!..
қараша, 1967 жыл





Пікір жазу