16.03.2022
  134


Автор: Нұрлан Оразалин

* * *

Өксiтпеңдер өлеңдi!
Жалынға орап күйдiрмеңдер Киенi.
Балта сiлтеп, қуратпаңдар емендi,
Өлең-орман... Киесi ауыр тиедi.
Жылатпаңдар ақынды!
Ақын – елдiң аруақ қонған арқасы,
жалғайтұғын алыс пенен жақынды
Ой мен Сөздiң шекарасыз картасы.
Толқытатын теңiздi,
тағдыр болып кезер үнi көк төсiн,
Өмiр...
Өлең...
Әлiмсақтан егiз-дi,
Жыр мен Емен тамыр жайсын! Көктесiн!
Өксiтпеңдер өлеңдi!
Шаттық болып тамсын жерге бiр тамшы.
Бақыт кернеп, аспандатсын төбемдi,
Жер үстiнде «Бесiк жыры» шырқалсын.
Көз жасы емес...
Жүректерден жыр тамсын.
қараша, 1967 жыл.





Пікір жазу