16.03.2022
213
Қарашада қамығып....
Қарашада қамығып шын жүрiп ем,
ойларымды, арманымды тонатпай.
Алғашқы қар!
Жауыпсың ғой түнiмен,
шақырусыз келiп қалған қонақтай.
Аппақ әлем...
Жаралғандай шешеден,
аспан асты қуанышқа кенелдi.
Бар шаттықты жетелеп ап көшемен,
ару қыздар шапқыласа жөнелдi.
Бара жатты менiң бiр топ досым да,
таң бозынан сабағына асығыс.
Күн ысыды...
Күлкiлердiң қосында,
алғашқы қар, ерiдiң сен жасып iш.
Ерiдiң сен... Ерiп кеттiң iлезде.
(Мезгiлiңнен бекер ерте жауғансың).
Бой алдырып қас-қағым сәт мiнезге,
қарашаны желтоқсан деп қалғансың.
Кейде осылай арбайды кеп алдамшы үн,
қысқалығы шаттығыңның сезiлмей.
Сұрайтыным: Төрт мезгiлiм жалғансын,
тек өмiрiм ерiмесiн өзiңдей.
Қарашада қамықтырған сезiмдей...
Алғашқы қар!
Ерiмейiн...
Ерiмейiн...
Өзiңдей...
қараша, 1967 жыл.