16.03.2022
212
Алданға
Тартшы, досым!
Тарта түс, күй өлмесiн.
«Көкейкестi»... «Сарыарқа» аңырасын.
Күй мiнездес даламның сүйем кешiн,
ақша бұлттар жөңкiлiп, жамырасын.
Серпiлт, қане! Тарқасын бойдағы мұң,
жанарында ғаламның тамшы iркiлiп;
арқандалмас асаудай ойларымның
аспанында қалқысын әншi-тiрлiк.
Тәттiмбет боп сөйлесiн саусақтарың,
Құрманғазы тiл қатсын көп пернеден.
Саз балқытып қою түн, тау шатқалын,
дүбiрлесiн тұяқтар – бөктерде өлең.
«Ақсақ құлан» аңызы жүрек тербеп,
«Алатау» мен «Адайға» бiтсiн қанат.
Қос перне мен шанағың дiр еткенде,
күмбiрлеген күйдей боп ұшсын қара ат.
Үздiктiрген даламның сүйем кешiн,
сұлу жүзiн, қарашы, жасырды Айым.
Тарта түсшi!
Тарта түс!
Күй өлмесiн,
Жүректерде толғатқан ғасырдайын.
қараша, 1967 жыл.