16.03.2022
  154


Автор: Нұрлан Оразалин

МЕНIҢ ЖИЫРМА ЖАСЫМ КЕЛЕДI...

(«Бозбала күн – боз арман» дәптерiнен)



«... Ымыртта тауды тасалап,
арқамнан аққан жұлдыздай».
Төлеген Айбергенов



1. Үнiм менiң алаңдарда адасты...
Талай арман Алатаудан басталып,
Алматының бақтарында жалғанды.
Ағыл-тегiл сезiм болып жас тамып,
Өлең шiркiн!.. Ұмыттырды жалғанды.
Талай жiгiт жүрегiмен «дерт» емiп,
сұлуларға ыстық қойнын бақ ашты.
Жұлдызды түн... Көшелерiм өртенiп,
үнiм менiң алаңдарда адасты.
Адасса да...
Сыр берместен «тiстенiп»,
жүрегiмнiң түкпiрiнде тоңды ауыл.
Бiр өлеңiм ұшып кеттi құс болып,
бiр өлеңiм кеуделерге қонды ауыр.
Тынышымды алды менiң Айлы аспан,
астананы сiлкiп-сiлкiп күй тынды.
 
Бiр өлеңiм?!
Жүрегiмде жайғасқан
қайғым болды алған менiң ұйқымды.
Бiр өлеңiм?!.
Жазылмаған өлеңiм...
Ойларымды ойларыма жалғады.
Алматыны кезiп үнсiз келемiн,
алты құрлық шақырардай алдағы.
Көңiл...
Көңiл...
Көк аспанды шарлады.
наурыз, 1967 жыл.





Пікір жазу