16.03.2022
  134


Автор: Нұрлан Оразалин

ҚИЫҚ АЙ

«Ескi айда есiрке,
жаңа айда жарылқа...»
(Халық сөзi)
Арамызда жалғанатын үн бардай,
жарықтық Ай, туыпсың-ау, шалқалап.
Жүрек күйiн мүлгiп үнсiз тыңдардай,
алты қырға әкетердей арқалап,
Ай да бүгiн туыпсың-ау шалқалап.
Бәз-баяғы ауылдағы қиық Ай,
атам марқұм маған жыр ғып айтатын.
Арқасымен терiстiктi сүйiп-ай,
түн ауа кеп даламенен қайтатын,
атам маған аңыз қылып айтатын.
«Бiр жаңасы... Үш жаңасы...» деуменен,
әжем-дағы жүрушi едi-ау күйбеңдеп.
Е, қиық Ай!
Көкте жатқан көлденең,
менiң сәби маңдайымды сүйген көп,
өлең болып ертiп кеткен үйден кеп.
Қиылып кеп, туыпсың сәл шалқалап,
арамызда сағындырған үн бардай.
 
Көктiң алыс армандарын арқалап,
Атам...
Әжем...
Үнiмдi үнсiз тыңдардай,
қадаласың жанарыңда мұң бардай...
қараша, 1967 жыл.





Пікір жазу