16.03.2022
  148


Автор: Нұрлан Оразалин

Шақырар менi

Шақырар менi
шырқырап кейде армандар,
шалқып бiр өткен күндерiм;
қиылып тұрып,
қимасым болып қалғандар,
шулатып түнiн,
даланың нәзiк гүлдерiн.
Шақырар менi
Шағала...
Толқын...
Күндерiм...
Шақырар менi
көгiлдiр көктем – бүршiк тал,
қыздардың оттай жанары;
мөлдiрiмдi менiң
ылайлап кеткен «қырсықтар»,
керiм бiр кезде,
көрiнбей көзге қалады.
Шақырар менi...
Өлеңнiң ыстық алабы.
Сондай сәттерде
алыстап рас мұң-қайғым,
асқақтар кеудем сүйiп көк;
 
Абайдың жырын,
Сағдидың сырын тыңдаймын,
теңiзiм шалқып,
тауларым кетер биiктеп;
жырым жазылар
иiлмейтiндердi
иiп кеп...
Тауым биiктеп...
мамыр, 1967 жыл.





Пікір жазу