«ХАЛИ-ГАЛИ»
Жатақхана...
«Хали-Гали»...
Мезi қылды-ау жанымды,
мезi қылды-ау байқұс жырларымды.
Бiле алмаған
бұл ғасырда барымды,
шалғайдағы момын қырларымды.
Ғажабымды,
Париждегi қалықтаған әнiмдi –
кеудемдегi ғажап үндi,
ей, Алматы!
«Хали-Гали»!
Танымайсың барымды,
танымайсың...
Ант атқан мынау уақытта
армандар қанша
«айқайыңда» тынып барады.
Тоқташы бiр сәт!
Кетсең де орап бақытқа,
жаңа бiр өлең...
Ұстап-ақ қалсам жарады;
жыртылып сезiм парағы,
теңселiп ойдың дарағы,
лүпiлдеп үнi жүректiң,
жаңғырып қырға тарады.
Ауылым жайлы
ұйқастар неткен мол едi,
жайлаудың әнi
жырымды келiп бөледi.
Шалдардың сөзi
шалдығып жеттi қиырдан,
көктем-арудың
жарысып желмен желегi,
сары адырлардан
аққу-әндерiм келедi,
даланың сазы, өлеңi
ойымды менiң бөледi.
«Бесiктiң жыры»,
үздiгiп, талып қыз әнi...
Қиял қанаты
туған тауларға ұзады.
Ащы «айқайыңнан»
Алматы түнi жыртылып,
арман алыстап,
жүрек тоңады, қызады...
Тауым жеткiзбей,
Далам ұзады...
Далам ұзады...
Ұстатпай кеттi
үздiгiп ұшып бiр Өлең!
Сезiм быт-шыт боп,
жүрек қанжоса...
Тiлiндi...
Өшiршi бiр сәт үнiңдi!
Тәлкек болғандай
Тәңiрiм берген Жыр-емен
жасын ұрғандай бүлiндi,
шарпыды жалын гүлiмдi...
«Хали-Галей-ей»!
Өшiршi бiр сәт үнiңдi!
Өшiршi бiр сәт үнiңдi!
мамыр, 1967 жыл.