16.03.2022
146
Тәңiрiм нұрын....
Тәңiрiм нұрын төккенде,
боянар түске көгал маң;
жазбаған жырлар көп менде,
жырлар да көп-ау жоғалған.
Сөз айтсам досқа ұнаған,
шақырып алға озар күн;
Табиғат – менiң ұлы анам,
көгердiм бiрге бозардым.
Озады жылым, айларым,
сарғайып, бiрге ағарам;
өлең боп тулап ойларым,
жұлдыз боп көкпен ағар ән.
Самалын сүйем даламның,
шыңдарға сүйеп арқаны;
тұңғиық мына ғаламның
артатын жүгi бар тағы...
Озады жүйрiк күндерiм,
басына таудың түнеймiн;
кеуденi керiп үн керiм,
көктемде қайта түлеймiн...
Жазбаған жырлар көп менде,
жырлар да көп-ау жоғалған.
Ақын боп туған көктемде,
ақын боп өлсек жоқ арман...
қыркүйек, 1970 жыл