16.03.2022
  108


Автор: Нұрлан Оразалин

* * *

Жасыны қатты жанымның,
шатырлап кейде жай ұрар.
Өлеңім – кілті бағымның,
«тағыны жетіп қайырар»...
Қайырар ой мен сезімді
ішіме сыймай өрт емген,
сағынып ессіз кезімді,
сағыныш күйін шертем мен.
Сыймастан ұлы қалаға,
Өзім де кейде түңілем;
өртеген өсек, жалаға
үгілем кейде, бүгілем...
Аспаннан жауып қара түн,
қара мұң буып барады;
бозбала күнгі бар ақын,
жұлдыздай таңғы тарады...
Бозала таңда – боз далам,
тіледі бойды өткір үн;
ішімде – жырым боздаған,
тарауға көнер жоқ түрім...
12 сәуір, 1974 жыл.





Пікір жазу