16.03.2022
147

Еңку-еңку
Еңку-еңку, ессіз күн!
Жетегінде ессіздің,
Айлы жаздың кешінде,
айна көлдің төсінде
есіңде ме, есіңде
аққу сынды мас болған,
жанарына жас толған,
Сені іздедім, көзсіз мұң?!
Сені іздедім боз кештен,
алай-дүлей сөз көшкен,
ала таңның алдында,
аунап-қунап шалғынға,
есіңде ме, бұла күн,
бойды буып жыр-ағын,
көктен сені сұрадым,
күз суығын сезбестен?!
Еңку-еңку, елес күн!
Құшағында елестің,
қанатында көк белдің,
қабағында көктемнің
көзде тұнып дала, шық,
алысқанда адасып,
шабысқанда таласып,
Сені ұмытқан емеспін...
Еңку-еңку, ессіз жыр!
Күндерде де ессіз бір...
Жалғыз қалып өткелде,
дос бұрылып кеткенде
көмек сұрап Иемнен,
демеу күтіп Киемнен.
Тек, өзіңе сүйенгем...
Айналайын, Өлеңім!
Сені іздеумен келемін.
06 сәуір, 1973 жыл.