14.03.2022
  220


Автор: Нұрлан Оразалин

Өртеніп отты...

Өртеніп отты сезімге,
жыр іздеп өмір-өрістен,
ессіздеу, асау кезімде
Сен қайда жүрдің, періштем?!
Өмір дейтін бір – от-шана,
көңіл дейтін бір – тілдей мұң;
ұстауға бойды жоқ шама,
жалынын кешкем түнде ойдың.
Сел ақса-дағы төбемнен,
селдетіп жүрген кезімде,
ешкімді көрген жоқ ем мен,
көміліп ерен сезімге...
Көгімде – аппақ Ай ғана,
көңілде – ақжал сәйгүлік;
жұлдызды түн мен айдала
жылаған ән боп қайғырып...
Аспаннан жауып ақ жаңбыр,
Алматы... Мас боп көшелер...
жүректі жұлқып тамған жыр,
теңселіп түнгі кеселер...
Алай да дүлей аспан көк,
апшып бір тулап теңізім,
 
төгілген еді дастан боп
сезім мен сенім – егіз үн...
Жыр қуып жүрген жасымда
қайырып ойды өрістен,
болмадың неге қасымда
сол сәтте менің, періштем?!
қазан, 1968 жыл.





Пікір жазу