14.03.2022
388
ҮЛКЕН СҰРАҚ
Кімсің деме...
Үлкен сұрақ – ол жағы.
Жан емеспін іздер оңай олжаны
Жыр жазғанның ақын деді бәрін кім?
Өлең дейтін – табиғаттың толғағы.
Ай астында шын ақындар көп емес,
Өлең жазу – күрес, майдан, төбелес,
қалам ұстап шындық үшін тұрысу;
тұра алмасаң, тағдыр сені жебемес...
Өлең жазу – толқып, шалқып қырды асу,
аяғыңды уақытпен бір басу;
адалдық пен сенімді ұлы аялап,
жүректердің кілтін тауып, сырласу.
Өлең жазу – ғашық болу, мұң кешу,
күю,
сүю,
елден ерек күн кешу;
мен білетін Жердегі ұлы бір шындық:
жұлдыздармен жұлдыз болып тілдесу.
Көктен сұра!
Жерден сұра!
Сенбесең...
Кесіп айтар адал сыншы – елге сен!
Қалам ұстап керегі не осынау
қарапайым қағиданы білмесең?!.
25 қыркүйек, 1968 жыл.