14.03.2022
281
Бақаштың....
Бақаштың іргесінде жыра бар,
жыраменен толқын атып су ағар...
Сол жырада диірмені бар атамның,
сол арадан талай келіп бата алдым...
Жарық ғалам үзілмейтін көш, білем?!
Сол жырадан талай аңыз естіп ем...
Аты да Өмір...
Заты да өмір сол кісі –
мінезі де, өзгеше еді болмысы.
Тербеп кетсе бергі менен арғыны,
қозғаушы еді тауды, тасты, жарды үні..
Тез танитын жақсы менен жаманды
Атам марқұм оятып жүр таң алды...
Түсім қызық:
Ауыл...
Аспан баяғы...
Ескі тамнан әжем қолын жаяды..
Көз алдымда – қалың шеңгел, от-керме,
Атам марқұм барады ұзап бөктерде...
Көзімді аштым...
Қартым да жоқ, диірмені,
бір ой келіп сананы үнсіз түйреді:
Қариясыз – өмір жетім – мұңайдым.
Жоқсың, ата...
Кімнен бата сұраймын?!
Мұңайдым...
қараша, 1968 жыл.