14.03.2022
188

Қар жауыпты...
Қар жауыпты Алатауға – бөктерге,
қара, досым, түнімен.
Көктем келмей енді қырлар көктер ме,
көз тартатын гүлімен?!
Көктемейді...
Алматыда – қараша,
келгені анық жер бетіне күздің бұл.
Қабыл алшы, ой-кәдеңе жараса,
көк аспаннан үздім жыр.
Көктем қанша боз даланың үстімен
ұшып өтті бұрылмай;
көз ұшында – қоңыр,сары түс кілең
тау бөктері тарқатылған бұрымдай.
Күздің желі...
Сапырып тұр, тыңдар ма
табиғаттан басқаны?!
Көзім түсті қар жамылған шыңдарға –
мұңайып тұр Жетісудың аспаны.
30 қазан, 1966 жыл.