14.03.2022
  153


Автор: Нұрлан Оразалин

ӘН

Қыз жанарын көргенде
алабұртып әншi әлем,
жұлдыз түнде өргенде
өлең жаздым қанша мен?!
Жүрек тербеп тосын үн,
айлы жаздың кешiнде,
қырманшылар қосының
тамсанғаны есiмде...
Шалқып аспан түнде Айлы,
есiп самал қырқадан,
сiлкiп қанат мұң, қайғы,
бiр қыз түнде шырқады ән.
Ғажап неткен дауысы,
естi бiр саз бақтардан,
күмбiрледi тау iшi,
сарайымды ақтарды ән.
Сиқырлы әнге елтiдi,
тама жаздап Ай көктен,
аппақ әлем желпiнiп,
ақ жаулығын жайды еппен.
Тау қосылып ән салды,
көк пенен жер сырласты;
Ерте көктем
 жұлдыз бiткен тамсанды,
ән үздiгiп қырды асты.
Сәлем жолдап құстардан,
бозала таң, боз күннен,
ән боп алыс ұшты арман,
ұмтылып қол создым мен.
Сан ұмтылдым, таппадым,
ұрды жаңбыр әйнектi;
жүрек тулап, ақты ағын,
тiлдi талай жай көктi.
Ғайып болды қыз әнi,
өртеп сезiм алғашқы...
Бозбала шақ ұзады,
көктем жазға жалғасты...
сәуiр, 1966 жыл





Пікір жазу