14.03.2022
  143


Автор: Нұрлан Оразалин

* * *

Мен жырдан бiлмеушi ем басқаны,
сағым мен сағыныш кешкен ем.
Көктем кеп... Сезiмнiң аспаны
қайың боп шулады кешке өлең.
Қиялап қиялым бөктердi,
тырнаның үнiнен жас тамды;
көк белдер жаныма от бердi,
көңiлде бiр «дауыл» басталды.
Бұлбұлдың таңғы әнi – жүректе,
толқытты тамырды қан ыстық.
Үй сырты... Үйеңкi дiр еткен
аулада көктем боп таныстық.
Таныстық көктем боп көгiлдiр,
көкжиек төрiнде күз қалды.
Алатау шыңдары төгiп жыр,
кеудемде күмбiрлеп iз қалды.
Көктем боп тiл қатты қия, бақ,
көктем боп сөйледi аспаным.
Кең әлем кеудеме ұялап,
жаңаша толқуды бастадым...
наурыз, 1966 жыл.





Пікір жазу