14.03.2022
  140


Автор: Нұрлан Оразалин

* * *

Талайлар қамығып iздеген
бұл шындық күрес пе?
Елес пе?
Шиыры бiтпейдi бiзбенен,
сеземiн, тiршiлiк – егесте.
Жер үстi аманда, шүкiрлiк,
өрiлер ғимарат, сарайлар.
Демеңiз бұл сөздi күпiрлiк,
алысар, жұлысар талайлар.
Бiреулер гүл iздеп үзбеген,
бiреулер сұлу жар аңсайды.
Бiреулер болғанша мұз дене
дүние жинаумен шаршайды.
Бiреудiң қызығы тым бөлек –
бақытын iздейдi қыздардан.
Ал, ақын?.. Жүрекпен мұңды елеп,
iздейдi шындықты ызғардан.
Бұл шындық... Күрес пе?
Елес пе?
Ғасырлар, дәуiрлер iздеген?
Сеземiн, мәңгiлiк – егесте,
сапары бiтпейдi бiзбенен.
қараша, 1965 жыл.





Пікір жазу