14.03.2022
  324


Автор: Рафаэль Ниязбек

СҰЛУ

Ауылда туған қыз ең сен,
Сұлу боп өстің ай мүсін.
Шаншыла біткен құз еңсең
Қондырмақ елдің қай құсын.
Үзсін деп ерте үмітін,
Жүрдің сен тіпті өң бермей.
Өсіпсің ауыл жігітін
Өзіңе тегі тең көрмей.
Жүгірдім мен де өзіңе,
Қайырылмай кеттің – көнбедің.
Қараймын нұрлы көзіңе,
Сұлулық деген, сен бе едің?
Сұлулық қанша бір сенде,
Қастерлеп соққан мүсіндей.
Күнде ылғи көріп жүрсем де
Ғажапсың ертек, түсімдей.
Қараймын ерен сезіммен,
Көзіңнен таңым атқандай.
Дүние түгел өзіңмен
Сұлу боп бара жатқандай.
Көк белді алға өңгеріп,
Кете алмадың да түздерге,-
Шарасын көздің төңкеріп
Қарадың бір сәт біздерге.
 Жүрдік біз сені маңайлап,
Қайраңдап қалған кемедей.
Көзіңнен ұшқан нұр сәуле
Қадалып жатты жебедей.
Жығылдық көздің алдында
Оқ тиген өжет киіктей.
Сен болсаң жалғыз қалдың да
Биіктей бердің, биіктей.
“Шатырлап туған жасындар,
Қайтпаған нөсер, дауылдан...
Бүгінде сондай асылдар
Кезікпей қойды ауылдан.
Бақыттан кімдер безіпті-ей,
Алмады билеп еркімді,-
Найзағай – жігіт кезікпей
Баса алмай жүрмін өртімді”.
Осылай дедің...
Жүргендей
Бұл ауыл байлап бағыңды.
“Ауданда – дедің - өткізем
Ендігі жастық шағымды”.
Ауданға жеттің ертесін,
Тәкаппар ұстап еңсені.
Өртеген жігіт кеудесін
Отсың ба дедім мен сені.
Жалғасып жатқан ұрандай,
Ақтала түсіп үміті,
 Қызылды көрген қырандай
Ауданның барлық жігіті,
Жүгіріп жетті өзіңе,
Жүр екен шырқап ұшқалы.
Армансыз қарап көзіңе
Арманын кепті құшқалы.
***
Өзгеге бермей ерікті
Жүзіңді нұрға жуыпсың.
Сұлу ең асқан көрікті,
Өнерлі болып туыпсың.
Табиғат берген өнермен,
Ел-жұртты жүрдің таңдантып.
Кей жігіт сұмдық өлермен
Асуда сені қалды аңдып.
Талайды сазша илейтін
Тәкаппар болдың өзің де,
Дүние түгел билейтін
Билеген сенің кезіңде.
Сахнаға шықсаң жайланып,
Шұғыла ойнап көзіңде.
Кетуші ең әнге айналып
Ән салып тұрған кезіңде...
Бұрымың арқа бойлаған,
Жарыса шапқан бұлақтай.
Қос көзің жалт-жұлт ойнаған
Бөлмеде жанған шырақтай.
 Дүниені біраз шайқадың,
Табиғат берген көркіңмен.
Өртеп те бір сәт байқадың,
Жүректі жарған өртіңмен.
Болар ма мұнша сезгені
Сезімдер жатты ерте өліп.
Жүрсең де өртеп өзгені
Өзің де жүрдің өртеніп.
Тәкаппар ұстап кеудеңді
Сонда да жүрдің сыр бермей.
Ауданға келсем кейде енді
Қайтпадым сені бір көрмей.
Қараймын нұрлы көзіңе
Жүзімнен жылу таратып.
Ауданды түгел өзіңе
Алыпсың лезде қаратып.
Бағыңнан бәрі үміткер,
Соңыңнан қалмай жүрді еріп.
Құдірет деген жігіттер
Сыйлады саған гүлді өріп.
Күй тартып жерге қондырған,
Көктегі асау құсыңды.
Кеудеңді нұрға толтырған
Жұлдыздан моншақ ұсынды.
Жүрекке ғана бағынып,
Кеудеңнен өзен арқырап,-
Айдан да алқа тағынып
Көшеге шықтың жарқырап.
 Шарасы кеңіп көзіңнің
Гүл жайнап кетті түр-өңің.
Құлпырған сайын өзіңнің
Құтыра соқты жүрегің.
“Көңілден көктем кеткенде
Көк тамыр, айтшы, көктей ме?
Ауданға қолым жеткенде
Қалаға қолым жетпей ме?!
Туып ем жарқын далада,
Тауысты қу жел төзімді.
Қарсы алам енді қалада
Толысып піскен кезімді”.
Жолыңды бөгеп кім тұрсын,
Кетемін десең төтелеп.
Жазбаған бізге күн-нұрсың,
Көшіңді тарттың жетелеп.
Сен кеттің содан желге еріп,
Артыңа бір де қарамай.
Біз қалдық мұңға бел беріп,
Қоштасуға да жарамай.
Қалаға жеттің ертесін,
Тәкаппар ұстап еңсені.
Өртейтін мынау жер төсін
Отсың ба дедім мен сені.
Жеделдеп соққан желге де,
Сипатпай аппақ жағаңды.
Асқақтап шығып өрге де
Арттырып жүрдің бағаңды.
 Білесің жұрттың өресін,
Қарайсың кейде нұр атып.
Жігіттің небір төресін
Сөзбен де жықтың сұлатып,
Көзбен де жықтың сұлатып.
Дегенмен көңіл өрінде,
Тынбадың сен де гүл атпай.
Қаланың жүрдің төрінде
Өзгеше жанған шырақтай.
Бөрідей жортқан түнде өріп,
Болмаған әсте бұлтаңы,-
Соңыңнан қалмай жүрді еріп,
Жігіттің небір сұлтаны.
Тізгінін беріп қолыңа,
Кенеттен бағың тайса әні.
Төселген гүл боп жолыңа
Жігіттің небір жайсаңы.
Жаңа әлем боп ашылды,
Шатырлап көктен жасыны.
Жолыңа нұр боп шашылды
Жігіттің небір асылы.
Көзіңнен үміт көргендей
Өзіңе ғана табынып,
Із кескен сұсты мергендей
Ізіңе түсті жабылып.
Қол созды бәрі өзіңе,
Қайырылмай кеттің – сенбедім.
 Қараймын нұрлы көзіңе
Сұлулық деген, сен бе едің?!
Мейлі сен арсын, арсынба...
Желкілдеп сезім тулары,-
Мұндайдан қалыс қалсын ба,
Қаланың қатпа қулары.
Түсіндім десем бұл күні
Келер-ау, бәлкім, күлкің де.
Адамнан шыққан түлкіні
Айламен соғу мүмкін бе?!
Түлкі ғой олар дегенмен,
Болады сырын кім біліп.
Сөгеді күнде көбеңнен
Қырғидай сені күнде іліп.
Төгіліп кете жаздап бір
Төгілмей қалған кезің көп.
Жанған бір кезде маздап қыр
Тұзаққа түстің өзің кеп.
Оқ тиген өжет киіктей
Кемтар боп енді қалғасын.
Сағымы саят биіктей
Сапарыңды кім жалғасын.
Сарыла күттің сол қуды,
Сұмдығын жаннан асырған.
Үйрендің көлден толқуды,
Қайғысын терең жасырған.
 Ол кетті содан оралмай
Арыңа таңба, дақ салып.
Долданып соққан борандай
Шіркін-ай, басын қақса алып.
Махаббат дейтін ессіздің
Көрсем де талай тоңғанын,
Аққуды атқан көзсіздің
Көргем жоқ әсте оңғанын.
Дегенмен өзің-өзіңді
Алдың-ау гүлдей солдырып,-
Қастерлей білмей сезімді,
Көкірегіңді шерге толтырып.
Шекеңе бұ да тимепті,
Жықса да орға талдырып.
Күйсең де ернің күймепті,
Жақса да жалғыз қалдырып.
Алдында көздің жас қаптап
Тұрса да шіркін сезінбей,-
Қарадың алға асқақтап
Бақытты тепкен кезіңдей.
Бармадың бірақ ұзаққа,
Өзге жол кетті жетелеп.
Бір түскен адам тұзаққа
Қала ма қайдам шөкелеп.
Бір түнде шықтың өзгеріп
Құбылған күндей кенеттен.
Қалдың да содан сөзге еріп,
Өсектің соқты желі өктем.
 Сұлу ең асқан көз көрген,
Көз көрген, сұлу, сыйлы едің.
Жігітпен енді кез келген
Кездескен сайын биледің.
Нұр ойнап өткір көзіңде
Думанмен өтті көп күнің.
Болыпты, сұлу, кезің де
Астында қалған тепкінің.
Осымен бітпей дәуренің
Жаныңды жанып құзға өрлет.
Көзіңнен ұшқан сәуленің
Өзі де неткен ызғарлы ед.
Ызғарлы болма –
Үміттен,
Алдында жаттың бүгілме.
Түңілсең мейлі жігіттен,
Өмірден бірақ түңілме.
***
Сүйіп өтем мен сені бағым көріп,
Жылға қуған кетпеймін ағынға еріп.
Сені ханша, мені хан етпеді ме
Махаббаттың патшасы тағын беріп.
Сүйіп өтем мен сені бағым көріп.
Бағымсың сен өн бойын жасыл жапқан,
Жанарыңнан ұшқан нұр жасын ба атқан?!
Түсіп жүрер біреулер
Айналаңа
Құрып, еркем, тасташы асыл қақпан...





Пікір жазу