14.03.2022
  211


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЗАМАТ

Өзіңді ылғи қара ұйық қиынға атып,
Күйбеңменен жүрмедің миың қатып.
Жырдың ақ боз атына қарғып мініп,
Тарып келе жатырсың құйындатып.
Омырауын көк сауыт – қақпа қылған,
Ақын болдың бұлағын баққа бұрған.
Көрсем деуші ем бір кезде
Көрдім талай
Кезіңді ылғи теңіз боп ақтарылған.
Құба жонда от болып қашқан лаулап,
Ой – киігін өсіп ең жастан аулап.
Жата қалып жотаңды тосардайсың
Түсер болса төбеңе аспан аунап.
Қиял-көгін сәт сайын шарлап тұрдың,
Аруағынан ұялып саңлақ жырдың,-
Нахақ күйген жандарға ара түсіп,
Отқа қарай өзіңді сан лақтырдың.
Нар жүрегін көктеммен жалғап өткен
Азамат ең арманы алға кеткен.
Тоңғандарды жылытып келесің сен
Көкірегіңде алаулап жанған отпен.





Пікір жазу