meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  14.03.2022
  377


Автор: Рафаэль Ниязбек

СОҚЫРДЫҢ МОНОЛОГЫ

Табиғаттың қойып ем несін бермей,
Соқыр етті,
Отырмын көзім көрмей.
Алаулатқан жастық та
Амал қанша
Бір қырқаның қалыпты төсінде ермей.
Сонда да еркін ұнаттым жүрісті мен,
Байтақ дала мен үшін пүліш кілем.
 Нұр үстімен келем деп айта алмадым
Жүріп келе жатсам да нұр үстімен.
Бұйырса да бір маған кеші күннің,
Қасиетін сақтадым бесігімнің.
Құрғыр көзім көрмейді
Таңның нұры
Түсетінін алдына есігімнің.
Көкейімді бұл қайғы тесті менің,
Әр нәрсені жұртымнан кеш білемін.
Нұрлы күннің қай тұста бататынын
Көргенім жоқ болмаса естігенім.
Өтті солай бар жылым түсін бермей,
Күңіреніп ұлуда ішім көрдей.
Оу, дәрігер, көзімді аш,
Дүниеден
Бір баламның кетем бе жүзін көрмей.
Оу, дәрігер, өлімнің несі қашық,
Болса егерде көреген көзің ашық.
Мүмкін менің адам деп қарсы алуым,
Кіріп келген ажалды есік ашып.
Оу, дәрігер, көзімді аш!





Пікір жазу