14.03.2022
  191


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕСКІ ЖЫЛМЕН ҚОШТАСУ

Ескі жыл!
Сенде қалғып бұйықты кім!
Сенен де адам түгіл сый ұқты күн.
Тұрса асып Алатаудан заңғар тұлғам
Ол менің биіктігім.
Сенсің ғой шұғыланы жайған барлық,
Өз төрім өзіме етсін қайдан тарлық...
Ескі жыл!
Жаңа белге бір көтердің
Айналдым құдіретіңнен пайғамбарлық.
Көгіме жұлдыз шашса күліп түнім,
Ал енді жаңа күннен үміттімін.
Ескі жыл!
Кетпесін тек саған еріп,
Қыз қуып, сайран салған жігіттігім.
Сұлудың бәрі менің ерке гүлім,
Әйтеуір үзілмесін ерте күнім.
 Ескі жыл!
Есіме әр кез түсерсің-ау,
Ұстап-қозып кеткенде серкелігім.
Қалармын соңыңда мен шынарға ұсап,
Сонда да толастар ма құмарлық шақ.
Әкедей сапарға ұлын аттандырған
Ескі жыл, тұрмын сені шығарып сап.
Өзекте ақпағасын жылғаланып,
Көрмеді көзде мұнар мұң қаланып.
Баяғы мені туған ескі жылдай
Сенің де тұрарың хақ тұлғаланып.
***
Жын ойнағын сан бастаған бесінде,
Зұлматтардың барлығы да есімде.
Соғыс өрті болмаса екен деп тілеп,
Шырылдаумен келем жердің төсінде.
Самайымды күміс қырау, қар шалып,
Таң сәріден жүрем ылғи жар салып.
Тұрам әлі...
Тұрмын оқтың өтінде
Өлімді де,
Өмірді де қарсы алып.
Кемелденген кезі ғой бұл күштің де,
Сан шыңдалдым арпалысқа түстім де.
Не сұмдықтар болмай жатыр
Білсеңіз
Қасиетті жұмыр жердің үстінде.
 ***
Үмітімді жақсы ғой үзбегенім,
Тұяқ күйген шөл екен – түз дегенің.
Адам әлі ашпаған асылдар ед
Сардаладан сабылып іздегенім.
Дәурені өткен желіде құлыншақтай,
Жүрдім бе әлде жабығып бұрын шаппай.
Салым кетіп қашанғы жүре берем
Бірін тапсам құрғырдың, бірін таппай.
Сәлем айтып шабытты шақтарымнан,
Шыңыраудан шындық боп ақтарылам.
Табылмаған асылым әлі де көп,
Жердің енді іздеймін қатпарынан.
Көктемдердің нұры есіп келбетінде,
Мұнаралы шырақ боп ерке түнде,-
Қатпарлардан табылып жатқан жоқ па,
Жоқтың бәрі, әдетте, жер бетінде.
***
Туғанымда аймалап, сүйіп беттен,
Мені өзіңе Өмірсің сүйікті еткен.
Көкірегіме кетіпті ұялатып,
Дүниенің жылуын жиып көктем.
Нөсерімді өтермін құйып көктен,
Жапырағым жоқ әлі күйіп кеткен.
Биігімнен сен енді төмендетпе,
Өмір, мені өзің ең биіктеткен.
 ***
Көктем етіп көңілдің ақпандарын,
Жазған жырым –
Шырақ қып жаққандарым.
Ұйқы деген жауымның басын шауып,
Келеді ылғи алдаспан – ақ таңдарым...
***
Думандатқан кәдімгі жиынға еріп,
Жүрдім талай жанымның сыйын бөліп.
Тауды көрмей тұрғанда таумын дедім,
Тау болуды оп-оңай бұйым көріп.
Көңілімде көк күмбез жыр қаланып,
Жан шуағым жатқанмен қырқаны алып,-
Бірақ тауға айналып кете алмадым
Шыға келген бір түнде тұлғаланып.
...Айналайын тыңдашы, зиялы адам,
Мақсат-тауын кім-кімде қиялаған.
Тауға мені шығармай қоя ма, айтшы,
Таудай талап кеудеме ұялаған.
***
Қайратым да қайтқан жоқ білектегі,
Самғап жүрмін туған ел түлеткелі.
Жазылмады
Қаншама жыл өтсе де
Соғыс салған ескі дерт жүректегі.
Шуақ, нұрын аямай көктен сепкен,
Заман мынау –
 Мәңгілік көктем жеткен.
Жеңіс жылы
Жүрегім шерге айналды
Әкем елге оралмай көппен кеткен.
Солай, елім, тойладым жеңісімді,
Шаштым сонда бар жиған жемісімді.
Жазып бірақ жарамды кете алмапты,
Жеткергенмен Уақыт кемісімді.
Өмірімді өлшемен өткенімен,
Келер әлі Ертеңім көп кенімен.
Жүректегі жарамды жаза алмапты,
Ұлы жеңіс ұрандап жеткенімен.
Жігіт болып жетілдік ел қолдаған,
Елдің жайын қашаннан ер толғаған.
Дегенменде сәл ғана ой жүгіртші
Соғыс жылы туылған бар ұрпақтың
Жүрегінде жара бар ем қонбаған.
Өткен кезге жанымның қапы бардай,
Түсім суық сондықтан сапылардай.
Сыздап келген сол жара
Жау тисе елге
Жүрегімнен кек болып атылардай.
***
Құрыстырып жүргенде салқын көптен,
Нөсерлетіп жеттің бе, балғын көктем.
Айқыш-ұйқыш тілгілеп көңіл бұлтын,
Ұлы өмірге не жетсін жаңбырлы өткен.
 Жанар көзі – көгінде нұр байланып,
Көк желегін жамылды қыр жайланып.
Сыбызғы әуен көктемім,
Сен келіп ең
Жүре берді дүние жырға айналып.
Қуанышын, құшағын далаға ашып,
Думаныңнан бір думан барады асып.
Айқай-шуға еліріп, жер тарпиды
Құлын көңіл тізгінін ала қашып.
Құлын көңіл шалқыр-ау желге де еріп,
Тентектігін жатқасын ел көтеріп.
Дөңгеленіп кей сәтте би билейді
Жүргесін де арқасын кеңге беріп.
Тау тұлғасы шың-құздан тұр жасалып,
Шайқағасын ақ әлем нүрға салып.
Жұпар шашқан көктемім сен келгенде
Дүние түгел қалады-ау бір жасарып.
Кетсе де өтіп жастықтың өткелінен,
Жайсаңдарды танимын от демінен.
Қоңырайып жүреді-ау, қуаң тартып,
Қол үзгендер көгілдір көктемінен.
***
Жарармын-ау, туған ел, мен балаңа,
Тартып тусам несі мін өңді анама.
Бабаларым өтіпті сыйыса алмай
Менің тарлан осынау кең далама.
Өзен-көлін,
Тау-тасын толғай жүрген,
 Жараса ма қыранға торғай бүрген.
Жұлқысса да өзара
Сол бабалар
Кең даласын сырт жаудан қорғай білген...
Ұқсамайтын жан бар ма анасына,
Жүгін артқан өмірдің шанасына.
Тау жүректі туған ел, бел балаңмын
Тартып туған өзінің даласына.
Жаудың қолын салдырмас белдігіне,
Бас асаумын –
Қол жеткен теңдігіне.
Көңілімнің кеңдігі тартыпты ғой
Ұлы анамның – даламның кеңдігіне.
Адалдығым –
Ең басты белді күшім,
Сонан ба әлде жанымның өрлігі шын.
Өзіме-өзім кей сәтте риза болам,
Көңілімнің көк жайлау – кеңдігі үшін.
Тартты екен деп бір тентек – құйын шалғай,
Тұра алам ба өмірдің күйін шалмай.
Қапалымын бірақ та
Көңіліме
Жүрген достар көп әлі сыйыса алмай.





Пікір жазу