
АҚЫН ШАМЫ
Шам-шырағын әркім-ақ жағады ерен,
Қай-қайдан да бақытын табады өрен.
Түнделетіп жол жүрген жолаушыдай
Жүрегімнің қақпасын қағады өлең.
Қағады өлең...
Лапылдар отсың ба деп,
Қарсы ұшатын жауларға оқсың ба деп.
Қағады өлең...
Өзіңнің жастығыңдай
Жоғалтып мені де алған жоқсың ба деп.
Кезім бар ма, оу, жұртым, күй ұқпаған,
Тағдыр бар ма мені әлде иықтаған.
Жүрегімді кетеді жыр оятып,
Кезімде ылғи осынау ұйықтаған.
Ауыр ойдан кейде еңсем езіледі,
Ойлап қалма екен деп көз іледі.
Ақын шамы сөнсе егер
Бүкіл шамдар
Бірге мәңгі сөнердей сезіледі.
***
Жаралғасын кең арна – ақ көңілден,
Екі сезім жоқ менде қақ бөлінген.
Келмесе егер қаруын елге кезеп,
Жауды жау деп түсінбен жат көрінген.
Көкірегі қалған бір кекпен толып,
Ар жағынан мұхиттың жеткен тоңып-,
Шаңырағы шайқалған бар елге де
Елім менің қараған көктем болып.
Еншісіне самала шырақ тиіп,
Көңіліне марқайған бұлақ жиып.
Нұрлы еліме сапарлап келгендер де
Көкірегіне қайтуда шуақ құйып.
Мен де елімдей жайнасын бар маңым деп,
Тұрады ылғи досқа жыр арнағым кеп.
Сонан ба әлде кім білсін
Ел мен елдің
Арпалысам арасын жалғағым кеп.
Дәстүр ғой бұл көгерген сан ғасырмен,
Шуақ, нұры... барлығы алға жүрген.
Нар елімнің осынау қасиеті
Сүтпен бірге өйткені қанға сіңген.
***
Өскендігім анадан жалғыз болып,
Көңілімді жүргенде сансыз бөліп.
Маңайынан үйіріліп шықпаушы едім
Біреулерді асқар тау, жал-құз көріп.
Сөйтсем олар жүздері шат жайнаған
Мына мені тағдырын қақпайлаған,-
Есігінде жүрген бір өздерінің
Бала көріп келіпті ат байлаған.
Жанартаудың өзіме даңқын беріп,
Менің де ылғи тұрады жанғым келіп.
Төбесінен нөсер боп құйдым талай
Біреулерді көк орман, шалғын көріп.
Сөйтсем олар жимаған бірден есін
Жандар болды сүйреткен құр денесін.
Дауылдатқан өмірдің айдынында
Ізсіз, тозсыз жоғалтқан жыр кемесін.
Қайдан мені көтерсін шыңыма анық,
Тұрмай ма олар күйзелсем қыбы қанып.
Лақырмақшы босаған бөтелкедей
Бойымдағы асылды сығып алып.
Жаға ала ма шырағын түнде ерінген,
Нұрын шашып тұр, әне, Күн төрімнен.
Аласарсаң сәл ғана асқарланып
Шыға-шыға келеді-ау кім көрінген.
***
Ей, достым, өкпелеме,
Өкпелеме,
Жүрегің әлде кімге кектене ме?
Сендегі теңіз - өмір,
Дала – ғұмыр
Жалғыз-жарым сөздермен шектеле ме?!
Анадан туған жансың,
Ендеше сен!
Анадан туғандарға өкпелеме.
Көңіліне шуағын түсірмеген,
Қылығың болған шығар түсінбеген.
Затында, үлкен кісі бола алмайды
Адамдар бір-біріне кішірмеген.
Сен кешір
Ол кешпесе өкпеңді артпай,
Тірлікте жүрген жақсы беттен қақпай.
Жібітші көңіліңнің мұздарын сен,
Қайтесің сар желдіріп өткенді аттай.
Қағынан құлан ба едің кеткен жеріп,
Сұсыңды жүрмін мен де көптен көріп.
Көктем туып келеді
Жоғалсыншы
Осынау мұздарың да көктемде еріп.
***
Бір қиырдан көрінген бұлаң қағып,
Түлкі үмітке қалмайды кім алданып.
Тұманды ойлар басыңды торлап алса,
Шыға келер көз алдың тұманданып.
Асау арнаң бар болса арындаған,
Жолығасың өмірге тарылмаған.
Тұңғиыққа шым батып кетпей ме, айтшы,
Тұманды ойдан әп-сәтте арылмаған.
Жота, қырда жатпай ма сағым да ағып,
Жалқауға ерме жүрген бос жанын бағып.
Көңіліңді кір басып кетпей ме, айтшы,
Көңіліңнің тұрмасаң шаңын қағып.
Нулы өңір бол жосылған жал, құмды
артып,
Күйдірмесін жүзіңді жалқын шарпып.
Жаңалана білмесең әр күн сайын
Сүмбіл денең тұрар ма балғын тартып.
Сұлулықты тек қана жырласа өнер,
Жер бетінде адам көп нұрға сенер.
Тұман, шаңнан, ей, досым, арылмас ең
Қуып, айдап дауылың тұрмаса егер.
***
Елім, сенің арқаңда
Кезім жоқ тасынбаған,
Жауыңа әсте мен бе екем ашынбаған.
Өзің ең ғой таужүрек жігіт етіп,
Көкірегіме нұр құйып, жасындаған.
Сонан ба әлде
Кезім жоқ тасынбаған.
Қатем боса алайда кешір, елім!
Жас жаныма тілемен кесір өлім.
Бір тентегің былай деп айтады ылғи:
“Жүрегіңнің жалынын өшіремін”.
Несін алып қойып ем, несін бермей,
Несін көріп қалып ем, несін көрмей.
Келеді әлі соңымнан ит жүгіртіп,
Қоңыраулатқан өмірдің көшіне ермей.
Жер бетінде дос, дұшпан, қасым барда,
Жүрдім бе әлде ұстамай басымды арда.
Лапылдаған жасыным жоқ па еді әлде
Осып өткен көк бұлтын жасындарда.
Айналаңа хош исі бұрқыраған,
Шуақты өңір төсінде кім жылаған.
Ақ жағамды келеді кірлете алмай
Долы дауыл домығып жұлқылаған.
Өгей емен жүретін ел шетінде,
Шуақ-нұрың...
Барлығы келбетімде.
Ата қазақ туған ел!
Өзің барда
Мен жасаймын бәрібір жер бетінде.
***
Нұрға сенер жігіт ем, жырға сенер,
Серік бопты маған да сырлас өнер.
Мен мұншалық биік боп көрінбес ем
Айналамда жас таулар тұрмаса егер.
Ұяласа кеудеме дара шабыт,
Жыр ғып оны ұшырдым ала салып.
Абай шыңы алдымда тұрмаса егер
Мен мұншалық кетпес ем аласарып.
***
Жүзіңнен ақпандатқан қысты көріп,
Сен жаққа бір топ достар ұштық өріп.
Жылындың
Бізбен бірге жеткен еді
Шілденің сарша тамыз ыстығы еріп.
Бұл әлде кезің бе еді желпінбеген,
Алдыңда тұман бар ма серпілмеген.
Қарашы дүниеге жаңа әлем боп
Күйінің бірі де әлі шертілмеген.
Жігерің қайда тауға неше өрлеген,
Сен әлде көктембісің кешеулеген.
Ендеше біздің жаққа жетпейсің бе
Кезіңді көрейік те нөсерлеген.
Көңілдің қалды ма, айтшы, күйі кетіп,
Тұрсаңшы шөл далаға жиі жетіп.
Жер-көкті жуындырып,
Арман – бұлтым,
Жүргенің жақсы әйтеуір құйып өтіп.
***
Қалмайтыным сонан ба жастарға еріп,
Өміріме тұрған бір астар беріп.
Аға менде өйткені болмаған-ды,
Аруағын жүретін асқар көріп.
Кейде қара нар белім талатын-ды,
Талатын-ды,
Тауысып тағатымды.
Іні менде болмады,
Қатал тағдыр
Қайырғандай еді-ау бір қанатымды.
Айбарынан болса да жал, құз бұққан
Бұл жалғыздық жаман-ау қамсыздықтан.
Көресіні келемін көріп әлі
Құрып кеткір қу өңез жалғыздықтан.
Шөгіп бара жатқандай иық талып,
Кетер ме едім мен сонан тұйықталып.
Қаһарына намысым қайта мініп,
Көкірегіне бар күшін жиыпты алып.
Қия-асудан қашанда желіп өткен,
Шырқау шыңға биіктеп елі кеткен,-
Ер жігіттің кемесі қираған ба
Сері мінез сенімді серік еткен.
***
Қатайған көңілдердің мұзын шертіп,
Алып ұшып жүрсем де қызып, елтіп.
Өткен күндер –
Жанымның сары аязы
Өте шыққан көк шұнақ қысын ертіп.
Шуағына жанымды көп кенелтіп,
Қызуына жүрмін мен көптен елтіп.
Келер күндер –
Көгімнің көк құстары
Келе жатқан соңынан көктем ертіп.
Арнасында бұлақтай жосып өткен,
Жүйрік күндер жимасын қосын өктем.
Өте ме әлде өмірім
Деумен ылғи:
“Көсегемді көгертер осы көктем”.