14.03.2022
  123


Автор: Рафаэль Ниязбек

БІР КЕЛІНШЕККЕ

Күйеуің жоқ,
Өзіңе ерік тиіп,
Бар байлығын өмірдің беріпті үйіп.
Шыға келдің көшеге шалбар киіп,
Шыға келдің басыңа бөрік киіп.
Ер киімі көркіңе өң бергендей,
Жүрдік біздер мұныңды жөн көргендей.
Кең көшеде жүгіріп бара жаттың
Көкірегіңе қос “төбе” өңгергендей.
Көріп жүрміз өзіңдей талайды көп,
Бірақ ерге ойлама балайды деп.
 Айттың сонда: “Осынау ұлы ғасыр
Еркектікті, өрлікті қалайды” деп.
Мұның шындық!
Мұныңа жоқ таласым,
(Еркек те өзің бір күні боп қаласың).
Көше кезген жігіттер тобырына
Қосылып кетпек болып оқталасың.
Ана болмай алдыңа бас иетін,
Сылқым болдың басыңа тас үйетін.
Сөйлейсің-ау,
Бойыңа дарытқандай
Ердің барлық киелі қасиетін.
Деуші ем сені, ойпырмай, ес біледі,
Неткен жаман өңің де кескін еді.
Еркек құсап сөйлейсің
Терезеден
Барылдаған дауысың естіледі.
Сабаз бопсың ішуден тартынбаған,
Ішкен сайын жанарың жарқылдаған.
Шарап толы столда отырғаның
Қарға құсап бұтақта қарқылдаған.
Тал бойыңа қарамай бұлғақтаған,
Еркекпін деп ойлайсың күн қақтаған.
Мұржаларды кетеді елестетіп
Мұрыныңнан көк түтін будақтаған.
Бір басыңда жатыр-ау “ертек” толып,
Мазаландың кімдерді өртеп келіп.
Әйел болып туып ең,
 Амал қанша,
Жүргің келді әйтеуір еркек болып.
Тыңда мені!
Жоқ болса бөтендігің,
Жақсы, әрине, тұғырдай бекемдігің.
Жатар кезде тым қатты білінеді-ау,
Бірақ сенің шын әйел екендігің.
***
Бұл күнге көк қанаты талмай жеткен,
Мен кейде тұрам сонау аумай көктен.
Кезі де көп болған ғой бұл аспанның
Бұлттанып тұрып, тұрып жаумай кеткен.
Жарқылдап бар жасынды жиып өктем,
Жанымның төгіледі күйі көктен.
Кейде көп бұлттануым
Армандаудан –
Кезім көп болса екен деп құйып өткен.
***
Бәрінде сезіп тұр-ау тілектес Күн,
Дей алман тұман кештім, түнек кештім.
Адамдар хош иістен арылмауы үшін
Қаптаған қызыл гүл боп жүректе өстім.
Қызығын жатырсың ба тілеп төрдің,
Сен талай көктем сайын түлеп көрдің.
Жарығым, мені солмай тұрсын десең,
Тіле онда тоқтамауын жүректердің.
 ***
Ер жолында сұм ажал – қақпан жатқан,
Сонау жылы туыппын аттандатқан.
Со бір жылдар сыйлапты құйын мінез
Алай-түлей суырып, ақпандатқан.
Өртті өмірде өсек боп қылаңдаған,
Қулық менде болмапты бұлаңдаған.
Менен артық болып па жалаңтөстер
Қалың оққа қарсы ағып, ұрандаған.
Сенбесе, Елім, қиынын,
Берсін өрін,
Заңғар таулар өйткені көршілерім.
Бұған және сенбесе
Жүрегімді
Жалаңаштап кеудемді көрсін, Елім!
Көз алдымда кезгенмен дүркін елес,
Мұратым боп көрген жоқ күлкілі егес.
Әкем жаудан қайтпаған жігіт еді,
Менің де әсте қайтуым мүмкін емес.
***
Жататұғын жүзінен көктем есіп,
Жұлдыздары көрмеген көктен өшіп.
Ауыл дейтін орманның бір шетінде
Көк шыбық ем жетілген көктеп өсіп.
Таудан соққан самалмен салқындаған,
Адамы көп ақ көңіл аңқылдаған.
Жанып өткен өмірді елестетер
Кешкі алауы лапылдап жалқындаған.
 Ауыл ғой бұл ертеңге, нұрға асыққан,
Дуылдаған бойында жыр тасытқан.
Адамдарын кешкісін көп көруші ем
Бір-бір атын жетелеп қырға шыққан.
Құс емес пе шын жүйрік дала ұшырған,
Дала ұшырған,
Сәт сайын таң асырған,-
Аттар сергіп ойқастап қалушы еді,
Шабыс тілеп қорада аласұрған.
Жанарында ұшқын от жанатын көп,
Жүйрік сатып ауылда алатын көп.
Түсінемін
саяткер сері адамдар
Атын күтіп, баптаған қанатым деп.
...Көкірегінен көп арман бұрқап өріп,
Қырға дейін келді де шырқап еріп,-
Сол адамдар:
– Бәйгеге қосқын, – деді
Жырдың ақ боз жүйрігін сыйға беріп.
Қостым әкеп қан қызып, дене қозып,
Безіп берді –
Құлашын кере созып.
Ойлы-қырлы дала ғой,
Кім біледі
Мертікпесе...
Әйтеуір келеді озып.





Пікір жазу