14.03.2022
  217


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӘЖЕ

Жиын-тойда жүруші ең бұзып-жарып,
Қартайыпсың, кетіпті жүзің де арып.
 Мұнар шалып басыңды үлгеріпті
Ұласқан ба ақпанға күзің барып.
Асыл әже!
Нұрлы еді көзің неткен,
Жаның жайсаң болатын, сөзің көктем.
Бәрі бірдей жүзіңе ауыпты ғой
Өзендері өмірдің өзің өткен.
Жайқалып ем жеміс боп күзіңдегі,
Аңғартады бұл күні түсің нені.
Чертеждары емес пе немереңнің
Қайран әже!
Сызықтар жүзіңдегі.
Жұлдыз жанып тұрғанда көгіңдегі,
Арбаң тоқтай қоймайды өріңдегі.
Әже!
Әлі де шаттықпен жасай бергін
Ұлы бұлақ сен болып төрімдегі.
Сарнағанда қырқаның тосын желі,
Күңірентіп жырлайды қосың нені.
Сарқылмайды жыр-бұлақ
Өзің барда
Біздің үйдің боздаған боз інгені.
***
Шешіліп қал, жігітім, шешілерде,
Көсіліп қал, жігітім, көсілерде.
Байқаусызда, ойпырмай, жығып алған
Баз біреудей болмашы көшін өрде.
Көсіліп қал, жігітім, көсілерде.
 Біле алмадым, жігітім, бағың қандай,
Тұғырыңнан түспеші жағың талмай.
Бір орныңда қаздиып нағып тұрсың
Жерге терең қазық боп қағылғандай.
Кезім бар ма өзіңді алалаған,
Алалаған
немесе қаралаған.
Шығудан да үйіңнен қап барасың
Жым ішінде қояндай балалаған.
Жүрші былай...
Жақсы ғой ерінбеген,
Жігіт пе едің намысын тебінбеген.
Көрінбейді басынан Алатаудың
Биігінен өзінің көрінбеген





Пікір жазу